Date of publication: 29.05.2022 23:35
Date of changing: 29.05.2022 23:36

 

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (бұдан әрі-ӘРПК) әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органға немесе лауазымды адамға арыз беру құқығы көзделген.

ӘРПК-нің 4-бабы 1-тармағы 16) тармақшасына сәйкес  жолданым – әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференц-байланыс, бейнежолданым нысанында жіберілген арыз немесе шағым.

Ауызша нысанда берілген жолданымды әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді.

Жолданым жазбаша түрде берілген кезде:

1. Жеке тұлғаның Т.А.Ә, (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), ЖСН (ол болған кезде), жеке тұлғаның пошталық мекенжайы не атауы, пошталық мекенжайы, заңды тұлғаның БСН (ол болған кезде);

2. жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды тұлғаның атауы;

3. жолданымның мәні;

4. арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;

5. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.

ӘРПК-нің 64-бабының 6-тармағына сәйкес жолданым жоғарыда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.

Егер арыз иесі талаптарға сәйкес келтірмесе, жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам арыз берушіге қайтарады. Бұл ретте, жолданымды қайтару қайта қарауға кедергі болмайды.

Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызы негізінде кері қайтарып ала алады.

Арыз иесінің жолданымды кері қайтарып алуы мерзімдер сақталған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оны қайта жолданым беру құқығынан айырмайды.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімді қарау мерзімі жолданым түскен күннен бастап 15 жұмыс күнін құрайды. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі ол қозғалған кезден бастап есептеледі.

Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының дәлелді шешімімен қисынды мерзімге, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажеттілігіне байланысты екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте, әкімшілік рәсімге қатысушы жолданымды қарау мерзімін ұзарту туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

Әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беріледі, ол туралы әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей хабардар етіледі. Тыңдау: 1) әкімшілік рәсімге қатысушыны әкімшілік іс бойынша тыңдауға шақыру, оның ішінде бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы; 2) ақпараттық жүйелерді пайдалану 3) әкімшілік рәсімге қатысушыға өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Тыңдау, егер,

1) әкімшілік орган, лауазымды адам басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғамайтын қолайлы әкiмшiлiк актіні қабылдайтын;

      2) атқарушылық іс жүргізу жүзеге асырылатын;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін үш күндік мерзімнен аз уақыт белгіленген;

      4) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, қоғамдық және (немесе) мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында әкімшілік актіні дереу қабылдау талап етілетін;

      5) әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы өтінішхат берген;

      6) оңайлатылған әкімшілік рәсім жүзеге асырылатын;

      7) әкімшілік іс бойынша шешім автоматтандырылған процесті жүзеге асыру кезінде қабылданатын, бұл ретте әкімшілік органға, лауазымды адамға әкімшілік таңдау берілмеген жағдайларға қолданылмайды.

Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қарсылықты алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оны беруге немесе білдіруге құқылы.

Әкімшілік рәсімге қатысушы өзінің қарсылығын ауызша білдірген жағдайда әкімшілік орган, лауазымды адам тыңдау хаттамасын жүргізеді, оған қатысушы танысқаннан кейін үш күн ішінде ескертулер беруге құқылы.

Егер:

1) әкімшілік органның, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шешімі бар болса;

      2) сол нысана туралы және сол негіздер бойынша сол адамға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот актісі бар болса;

      3) әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса;

      4) әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бар болса, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.

Әкімшілік орган, лауазымды адам өз бастамасы бойынша қозғалған әкімшілік рәсімді, егер әкімшілік рәсімді жүзеге асыру оны қозғауға негіз болған мән-жайлардың өзгеруіне байланысты қажет болмай қалса немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа негіздер бойынша тоқтата алады.

Әкімшілік рәсім әкімшілік органның, лауазымды адамның шешімімен тоқтатылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімге қатысушыға хабарланады.

Әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге ӘРПК белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін

Арыз иесі, егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар бар болса, ӘРПК белгіленген тәртіппен қаралған мәселе бойынша қайта жолданым беруге құқылы.

Әкімшілік істі қарау нәтижелері бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам:

1. әкімшілік актіні қабылдау туралы,

2. әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірін шығарады.

Әкімшілік істі қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі.