
Еуразиялық экономикалық одақта (бұдан әрі - ЕАЭО) тауарлардың экспорты мен импортын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін халықаралық жіктеуіш-Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы (бұдан әрі-ЕАЭО СЭҚ ТН) қолданылады.
ЕАЭО СЭҚ ТН Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2012 жылғы 16 шілдедегі № 54 "Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасын және Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифін бекіту туралы" шешімімен бекітілген.
ЕАЭО СЭҚ ТН құрудың негізіне халықаралық сауда тәжірибесі және Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесі туралы халықаралық конвенцияның ережелері салынған.
ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша тауарларды жіктеу сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелеріне сәйкес СЭҚ қатысушысы кедендік шекара арқылы өткізілетін тауардың кодын дербес анықтайды.
СЭҚ ТН жіктелуі барлық тауарларды белгілі бір топтар, қасиеттер мен сипаттамалар (Тамақ өнімдері, тыңайтқыштар, металдар, шыны, жануарлар және т.б.) бойынша бөледі және осы деректерге сәйкес әрбір тауарға СЭҚ ТН-ның өз коды беріледі. СЭҚ ТН коды он таңбалы мәнге ие.
Жіктеу үшін пайдаланылатын негізгі өлшемдер: тауар орындалған материал және тауар орындайтын функциялар.
Тауарлардың кодын дәл анықтау үшін пайдалану қажет:
а) бөлімдерге, топтарға және позицияларға ескерту;
б) сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын түсіндірудің негізгі ережелері.
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын біркелкі қолдану мақсатында кеден органдары, декларанттар немесе өзге де тұлғалар:
1) Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2013 жылғы 12 наурыздағы № 4 ұсынымымен бекітілген сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына түсіндірме;
2) Дүниежүзілік кеден ұйымының үйлестірілген жүйесі жөніндегі комитеттің жіктеу пікірлерінің компендиумы;
3) Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтында орналастырылған тауарларды жіктеу туралы алдын ала шешімдердің электрондық базасы www.portal.eaeunion.org;
4) Еуразиялық экономикалық комиссия мен уәкілетті орган тауарларының жекелеген түрлерін сыныптау туралы түсіндірулер.
ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарларды жіктеу экономикалық операцияларды жүзеге асыруға (салық салу, кедендік төлемдер мен салықтарды өндіріп алу, тарифтік преференцияларды қолдану, жоспарлау, есептілікті қалыптастыру және т.б.), сыртқы сауданың тауарлық құрылымын зерттеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында СЭҚ ТН кодын іздеу бойынша онлайн сервис орналасқан-СЭҚ ТН АҚЖ https://kgd.gov.kz/tnved/.
Тауардың шығарылған елі тауарды елдің кедендік аумағына әкелуді және тауарды осы аумақтан әкетуді реттеудің тарифтік және тарифтік емес шараларын қолдану, сондай-ақ сыртқы сауда статистикасында тауарлардың есебін қамтамасыз ету мақсатында айқындалады.
Тауардың шығарылған елін айқындау халықаралық практика қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Елдің заңнамалық актілерінде белгіленген өлшемдерге сәйкес тауар толығымен өндірілген немесе жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған ел тауардың шығарылған елі болып есептеледі. Бұл ретте, егер тауардың шығарылуын айқындау мақсатында оларды бөлу қажеттігі болса, елдер тобы, елдердің кеден одақтары, елдің өңірі немесе бөлігі тауар шығарылған ел деп түсінілуі мүмкін.
Кедендік баждың ставкасы тауардың шығарылған еліне байланысты белгіленеді. Тауарлардың шығарылған елін анықтау кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қолдануы тауарлар шығарылған елге байланысты болған барлық жағдайларда жүргізіледі.
Кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолдану (тарифтік преференциялар беру мақсаттарын қоспағанда), тарифтік емес реттеу және ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, тауарлардың шығарылу таңбалануына қойылатын талаптарды белгілеу, мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуларды жүзеге асыру, тауарлардың сыртқы саудасы статистикасын жүргізу мақсаттары үшін Еуразиялық экономикалық комиссиясы Кеңесінің 2018 жылғы 13 шілдедегі № 49 шешімімен бекітілген Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары (тауарлардың шығарылуын айқындаудың преференциялы емес қағидалары) қолданылады.
Дамушы елдерден немесе неғұрлым төмен дамыған елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік преференциялар беру мақсаттары үшін Еуразиялық экономикалық комиссиясы Кеңесінің 2018 жылғы 14 маусымдағы № 60 шешімімен бекітілген дамушы елдерден және неғұрлым төмен дамыған елдерден тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары қолданылады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мемлекет-қатысушыларда шығарылатын және олардың арасындағы сауда айналымында жүрген тауарлардың шығарылған елін айқындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы N 1478 қаулысымен бекітілген 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары туралы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын басшылыққа алады.