
«Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің - кедендік төлемдер және салықтар бойынша берешектің, өсімпұлдардың есебіне өткізу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 маусымдағы № 618 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 230 қаулысымен «Салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның кепілге салған мүлкін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін – салық берешегі есебіне, төлеушінің – кедендік төлемдер және салықтар бойынша берешектің, өсімпұлдардың есебіне өткізу қағидалары» бекітілді.
Борышкердің кепілге салған және (немесе) билік етуі шектелген мүлкін өткізуді «Оңалту және активтерді басқару жөніндегі компания» АҚ (бұдан әрі – Компания) тізілімнің веб-порталында электрондық аукцион ұйымдастыру жолымен жүзеге асырады.
www.gosreestr.kz веб-порталында электрондық аукцион өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін компания электрондық аукцион өткізу күніне дейін кемінде он бес күнтізбелік күн бұрын әрбір лот бойынша дерекқорға:
1) электрондық аукционның күні мен уақытын;
2) лот атауын;
3) лоттың бастапқы бағасын;
4) кепілдік жарнаның мөлшерін;
5) ұйымдастырушының банк деректемелерін;
6) өтінімдерді қабылдау мерзімін;
7) ұйымдастырушы мен компанияның телефонын және мекенжайын;
8) компанияның шешімі бойынша қосымша ақпаратты енгізеді.
Ұйымдастырушы компания дерекқорға мәліметтерді енгізген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде қателіктердің бар-жоғын және осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеруді жүзеге асырады және тізілім веб-порталына сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялайды.
Қатысушыларды тіркеу тізілім веб-порталында хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және сауда-саттық басталғанға дейін екі сағат бұрын аяқталады.
Электрондық аукционға қатысу үшін жеке немесе заңды тұлға мынадай әрекетті жүзеге асырады:
1) электрондық аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген ұйымдастырушының банктік шотына кепілдік жарнаны енгізеді. Бұл ретте кепілдік жарналардың кез келген мөлшерін енгізуге жол беріледі. Бір кепілдік жарна сауда-саттығына қатысу үшін жеке немесе заңды тұлға осы кепілдік жарнаны енгізген лотты сатып алу құқығын береді.
Әрбір лот бойынша электрондық аукционға қатысу үшін кепілдік жарна лоттың бастапқы бағасының 15 пайызын құрайды, бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 000 еселенген мөлшерінен аспайды;
2) тізілім веб-порталында мыналарды:
жеке тұлғалар үшін: ЖСН, тегін, атын және әкесінің атын (бар болса);
заңды тұлғалар үшін: БСН, толық атауын, лауазымды тұлғаның тегін, атын және әкесінің атын (бар болса);
кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі банк шоттарының деректемелерін;
байланыс деректерін (пошта мекенжайы, телефон, факс, е-mail) көрсете отырып, тіркейді.
Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген жағдайда жеке немесе заңды тұлға бір жұмыс күні ішінде тізілім веб-порталына енгізілген деректерді өзгертеді;
3) Электрондық цифрлық қол (ЭЦҚ) қойылған осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық аукционға қатысуға электрондық өтінім (бұдан әрі – өтінім) береді.
Өтінім берген жеке және заңды тұлғалар үшін борышкердің мүлкі бойынша қолда бар қосымша мәліметтерге ақысыз қол жетімділік, сондай-ақ:
1) сатылатын мүлікті алдын ала қарау;
2) өтінім беру мерзімінің өту уақытынан кешіктірмей оны кері қайтару;
3) жеке немесе заңды тұлғаны қатысушы ретінде тіркеуден бас тарту себептері жойылған жағдайда өтінімді қайта беру мүмкіндігі беріледі.
Электрондық аукцион Астана қаласының уақытымен сағат 10.00-ден 17.00-ге дейінгі уақыт аралығында өткізіледі, бұл ретте электрондық аукцион Астана қаласының уақытымен сағат 15.00-ден кешіктірмей басталады.
Электрондық аукцион қатысушылары аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭЦҚ қолдана отырып, аукцион залында тіркеледі. Аукцион сауда-саттық өткізу туралы хабарламада көрсетілген Астана қаласының уақытында аукцион залында лоттың бастапқы бағасын автоматты түрде орналастыру арқылы басталады. Егер аукцион басталған уақытта аукцион залында лот бойынша аукционға екеуден аз қатысушы тіркелген және болған жағдайда, бұл лот бойынша аукцион өткізілген жоқ деп танылады.