Жарияланған күні: 29.08.2017 14:32
Өзгертілген күні: 29.08.2017 14:33

Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына (әрі қарай Заң) сәйкес банкроттық рәсімі – кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен банкроттың мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім.

Банкроттық рәсімінде кредиторлардың заңды мүдделерін қорғаудың бір түрі кінәлі тұлғаны субсидиарлық жауапкершілікке тарту болып табылады.

ҚР АК 288 бабымен, негiзгi борышқор кредитордың мiндеттеменi орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлiгiнде басқа борышқорға (субсидиярлық борышқорға) мәлiмдеуi мүмкiн екендiгi заң құжаттарында немесе кредитормен борышқордың арасындағы мiндеттеме ережелерiнде көзделуi мүмкiндігі белгіленген.

Солтүстік Қазақстан облысында сот практикасында борышқор кәсіпорындардың банкроттығы туралы істерді қарастыру бойынша, соңғы уақытта кәсіпорын басшылығын субсидиарлық жауапкершілікке тарту туралы арыз талаптардың көбейуі байқалуда, сонымен қатар оң практика бар.

Бұндай арыз талаптар негізінен банкроттық басқарушылармен, кредиторлық берешегін төлеу үшін дебиторлық берешкеті, мүлікті және басқа активтерді анықтауға бағытталған іс-шаралардан кейін жіберіледі.

ҚР АК 44 б. 2, 3 т. сәйкес Заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы Кодексте, өзге заң актiлерiнде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.

Егер заңды тұлғаның әдейі банкроттығы оның құрылтайшысының (қатысушысының) және (немесе) лауазымды адамның әрекеттерiнен (әрекетсіздігінен) туындаған болса, онда заңды тұлғаның қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды тұлға кредиторлар алдында субсидиярлық жауаптылықта болады.

Заңның 96 б. сәйкес, мүліктік массаға банкрот – дара кәсіпкердің, толық серіктестіктер қатысушыларының жеке мүлкі, толық және коммандиттік серіктестіктерінің бұрынғы қатысушыларының, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік қатысушыларының, сондай-ақ банкроттың мүлкі жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес оларға өндіріп алуды қолдану мүмкін болатын өндірістік кооперативтің мүлкі бөлек кіреді және ескеріледі.

Қазақстан Республикасының заңдарында борышқорды банкроттыққа жеткізгені үшін өзге тұлғалардың субсидиарлық жауапкершілігі көзделген жағдайларда бұл жауапкершіліктің мөлшері кредиторлар талаптарының жалпы сомасы мен банкроттың мүліктік массасы арасындағы айырма ретінде айқындалады. Банкроттық басқарушы осындай тұлғаларға борышқордың барлық кредиторларының мүдделері үшін талаптар қоюға міндетті. Жекелеген кредиторлардың өз мүдделерi үшін мұндай талаптар қоюына жол берiлмейдi.

Заңның 11 б. бекітілген ережелер бойынша борышқор: егер бір кредитордың немесе бірнеше кредитордың талаптарын қанағаттандыру оның басқа кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін толық көлемде орындаудың мүмкін болмауына әкелсе; борышқор төлем қабілетсіздігінің басталғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге; әкімшіні тағайындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сотқа және әкімшіге қаржылық-шаруашылық қызмет туралы ақпаратты, оның ішінде борышқорда бар мүлік, оның ішінде кепіл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдауда (жалға алуда) және (немесе) лизингте тұрған мүлік туралы, банктік шоттарда жатқан ақша туралы, шоттардың нөмірлері және банктердің орналасқан жері, дебиторлық берешек сомасы туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Аталған баптың 5 тармағына сәйкес, осы баптың 2-тармағының 1) – 6) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндеттеріне кіретін борышқордың лауазымды тұлғалары борышқордың мүлкі барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, осы баптың 2-тармағы 1) – 6) тармақшаларының ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ортақ субсидиарлық жауаптылықта болады.

«Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы № 5 нормативтік қаулысында соттарға Заңның 11-бабы 5-тармағында көзделген борышқордың міндеттемелері бойынша оның лауазымды адамының жауапкершілігі субсидиарлық жауапкершіліктің жеке түрі болып табылатынын, осыған байланысты АК-нің 44-бабының 3-тармағында көзделген норманың мағынасы бойынша ол оның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкінің меншік иесінің әрекеттері борышқорді банкроттыққа алып келген-келмегеніне қарамастан басталатыны, сондай-ақ шығындарды өндіріп алу туралы мәселені шешу үшін қажетті мән-жайлардың, атап айтқанда: зиянның болуын, зиян келтірілген әрекетті (әрекетсіздіктің), әрекеттің (әрекетсіздіктің) және басталған нәтиженің (зиянның) арасындағы себептік байланыстың, зиян келтірушінің кінәсінің бар болуын анықтау талап етілмейтіні туралы түсініктеме берілген.

Соттардың назары "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабы 5-тармағында көзделген жауапкершілік борышқордің лауазымды адамдарының "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) тармақшасынан бастап 6) тармақшаны қоса алғанда анықталған міндеттерді тиісінше орындауын қамтамасыз етуге, оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғаны аударылсын.

Банкроттық рәсімі, заңды тұлғаны, жеке кәсіпкерді сот шешімімен банкрот деп танығаннан кейін борышқордың басшылығы жай-барақат жүруін білдірмейді, себебі, олардың қаржы-шаруашылық қызметін заңға қайшы жүргізсе және төлем қабілетсіздігіне әкеліп соққан шешімдер қабылдаған жағдайда, заң шығарушы кредиторлардың құқықтарын қорғаудың қатал механизмдерін бекіткен.

 

СҚО МКД борыштармен жұмыс бойынша басқармасы