
Салықтық тексеру — бұл салық органдары жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының салық заңнамасының, сондай-ақ салық органдарына бақылау жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының талаптарының орындалуын тексеру.
Салықтық тексерулер тек қана салық органдарымен жүргізіледі.
Салықтық тексерулердің нысандары
Салықтық тексерулер келесі нысандарда жүзеге асырылады: кешенді тексеру, тақырыптық тексеру, қарсы тексеру, хронометраждық зерттеу.
Салықтық тексеруді жүргізу салық төлеушінің (салық агентінің) қызметін тоқтатпауы тиіс, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда.
Салықтық тексерулердің түрлері
Салықтық тексерулер келесі түрлерге бөлінеді:
1. тәуекел дәрежесін бағалау негізінде жүргізілетін мерзімдік салықтық тексерулер;
2. жоспардан тыс салықтық тексерулер.
Салықтық тексерулерді жүргізу мерзімі
Салықтық тексеруді жүргізу мерзімі нұсқамада көрсетіледі және бұл мерзім, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, нұсқама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспауы тиіс;
Салықтық тексеруді жүргізу мерзімі ұзартылуы мүмкін;
Салық органдары тексеру мерзімінің өтуін тоқтата тұруға құқылы.
Талап қою мерзімі
- Талап қою мерзімі үш жылды құрайды.
- Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 48-бабында көрсетілген салық төлеушілер санаттарына қатысты ерекшеліктерді ескере отырып, талап қою мерзімі бес жылды құрайды.
Салықтық тексеруді жүргізудің негізі
- Салықтық тексеру нұсқама негізінде жүргізіледі;
- Хронометраждық зерттеуден басқа барлық тексерулер бойынша нұсқамада тексерілетін мәселелер тексеру нысанына байланысты көрсетіледі;
- Кешенді тексерулер кезінде тексерілетін салық түрлері, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдер нұсқамада көрсетілмейді.
Салықтық тексерудің басталуы
Салықтық тексерудің басталған күні салық төлеушіге (салық агентіне) нұсқама табыс етілген күн болып есептеледі;
Нұсқама салықтық тексеруді жүргізетін салық органы лауазымды тұлғасы арқылы салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етіледі.
Салықтық тексерудің алдын ала актісі
Салықтық тексеру актісін жасауға дейін салық органы лауазымды тұлғасымен салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісі табыс етіледі;
Бұл ретте салық төлеуші алдын ала актіге жазбаша қарсылығын ұсынуға құқылы.
Салықтық тексерудің аяқталуы
Салықтық тексеру аяқталғаннан кейін салық органы лауазымды тұлғасымен салықтық тексеру актісі жасалады;
Салықтық тексеру актісі кемінде екі данада жасалып, тексеруді жүргізген салық органы лауазымды тұлғаларымен қол қойылады;
Салықтық тексерудің аяқталған күні болып салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру актісінің табыс етілген күні есептеледі.
Салықтық тексеру нәтижелері бойынша шешім
- Егер салықтық тексеру барысында бюджетке төленетін салықтар мен төлемдердің қосымша есептелуіне, зиян сомасының азайтылуына, қосылған құн салығының және (немесе) резидент еместердің кірісінен ұсталған корпоративтік (жеке) табыс салығының артығын қайтару расталмауына әкеп соғатын бұзушылықтар анықталса, салық органы тексеру нәтижелері бойынша хабарлама шығарып, оны салық төлеушіге (салық агентіне) жолдайды (табыс етеді);
- Егер салықтық тексеру сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілсе, тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан салық төлеушіге қатысты хабарлама қылмыстық іс қаралғаннан кейін шығарылады.
- Тексеру нәтижелері туралы хабарламаны алған салық төлеуші (салық агенті), егер ол бұл нәтижелерге шағымданбаған болса, хабарламада көрсетілген мерзімдерде оны орындауға міндетті.